ҚР Парламенті депутаттары алдында есеп беру
Сонымен қатар, медициналық көмектің сапасын мониторингілеу тәсілдерін жетілдіру, жеткізушілер базасын жаңарту, цифрландыру жүйесін дамыту және Қордың ахуалдық-талдау орталығы жұмысы қаралды.
Мәслихат депутаттарымен кездесулер
Қор филиалдары өз кезегінде аймақтық депутаттық корпус алдында есеп береді. Биыл облыстық және қалалық мәслихаттармен 44 кездесу өткізілді, онда халық қалаулыларына медициналық ұйымдарды қаржыландыру, халықтың МӘМС жүйесімен қамтылуы, көрсетілген медициналық көмектің көлемі және жеткізушілер мониторингі туралы ақпарат берілді.
Бұдан бөлек, Қор өкілдері басқа да мүдделі мекемелер мен қызметтерге қатысты мәселелерді көтереді. Бұл медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегінің қалыптасуы, дәрігерлер тапшылығы, медициналық жабдықтармен жеткіліксіз қамтылуы, халықтың жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселелері.
Қоғамдық есептілік
Айта кету керек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ коммерциялық емес акционерлік қоғам болып табылады, яғни ол табыс таппайды. Оның 100%-дық қатысушысы – мемлекет. Қор өз қызметінде ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына сәйкес Директорлар кеңесіне есеп береді. Бақылау функцияларын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырады.
Жыл сайын Қор қызметі тәуелсіз аудиттен өтеді. Оның нәтижелері жылдық қаржылық есептіліктің аудиторлық есебі түрінде ҚР Қаржы министрлігінің депозитарийіне www.dfo.kz сайтында есепті жылдан кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірілмей жарияланады. Сонымен қатар, ол Қордың сайтында «Қор туралы» – «Қордың ресми қаржылық есептілігі» бөлімінде орналастырылады.
Жоғары аудиторлық палатаның тексерісі
Жоғары аудиторлық палата да ӘМСҚ қызметін тексеріп, қорытындысы бойынша ескертулер мен ұсыныстар береді.
2024 жылы Жоғары аудиторлық палата Қордың және оның бес филиалының 2022-2023 жылдардағы жұмысын төрт ай бойы мұқият зерттеді. Тексеріс 3,8 трлн теңге мен 770 млн-нан астам медициналық қызметті қамтыды. Палата 55,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарды анықтап, олар аудит барысында қалпына келтірілді. Жоғары аудиторлық палата қорытындысында көрсетілген бұзушылықтардың басым бөлігі рәсімдік сипатқа ие және жүйелік кемшіліктер болған. Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен Қорға ұсыныстар берілді, қазір олар бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Директорлар кеңесінің бақылауы
Жоғарыда атап өтілгендей, Қор негізгі шешімдерді тек Директорлар кеңесінің келісімі мен бекітуінен кейін ғана қабылдай алады. Оның құрамына уәкілетті орган ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, сондай-ақ денсаулық сақтау, экономика және қаржы салаларының сарапшылары кіреді.
Биыл Директорлар кеңесінің 19 отырысы өтіп, Қордың қызметіне, қысқа және ұзақ мерзімді жоспарларына, операциялық қызметіне, кадрлық саясатына қатысты 79 сұрақ қаралды.
Сараптамалық бақылау
Қор есеп беретін тағы бір институт – азаматтық қоғамның пікірін білдіретін Қоғамдық-консультативтік кеңес (ҚКК). ҚКК 2020 жылдан бері жұмыс істейді және оның құрамы үнемі жаңартылып отырады. Оған депутаттар, клиника басшылары, дәрігерлер, денсаулық сақтау, экономика, қаржы салаларының сарапшылары, пациенттік және дәрігерлік қауымдастықтардың өкілдері, журналистер, қоғам қайраткерлері кіреді.
Қоғамдық-консультативтік кеңес отырыстары бекітілген жоспарға сәйкес өткізіледі. Қор қызметіне қатысты мәселелер – жоспарлау, сатып алу, медициналық көмекті бөлу, тариф белгілеу, жеткізушілердің шарттық міндеттемелерді орындауын мониторингілеу, көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлем, клиникалардың кредиторлық берешегі, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығы және халықтың медициналық сақтандырумен қамтылуы талқыланады.
Әр отырыста Қор басшылығы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп береді. ҚКК мүшелері пациенттер мүддесі үшін МӘМС жүйесін жақсарту бойынша өз ұсыныстарын береді. Бүгінге дейін 7 отырыс өткізіліп, 23 сұрақ қаралды.
БАҚ алдындағы ашықтық
Қор өз қызметі барысында БАҚ алдында ашық ұйым. Биыл Қор өкілдері облыстық деңгейде 34 және Қордың орталық аппаратында 2 брифинг өткізді. Ұлттық және өңірлік телеарналарда 903 сөз сөйленді. Сондай-ақ, республикалық және аймақтық ТВ-арналарға 903 сұхбат беріліп, әр түрлі БАҚ-тан келіп түскен 118 сұранымға жауап берілді.
Сондай-ақ, Қор әлеуметтік желілерде 42 аккаунтты белсенді жүргізіп, есептік, ақпараттық-түсіндіру материалдарын жариялап, азаматтардың сұрақтарына жедел жауап береді.
Пациенттік бақылау
Қор халықпен кері байланысқа ерекше назар аударады. Себебі тұтынушылардың пікірлері арқылы жүйедегі кемшіліктер мен мәселелерді анықтауға болады. Пациент медициналық көмектен негізсіз бас тартқан жағдайда Қорға ресми шағым түсіре алады. Оған ыңғайлы болу үшін бірнеше байланыс арнасы қарастырылған: msqory.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы @Saqtandyry-bot.
Бұл шағым медициналық ұйымға жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болады. Жедел деректер бойынша 9 айда бұндай 888 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 692-сі бойынша жоспардан тыс мониторинг жасалып, 208 млн теңгеге 4 286 ақау анықталды (айыппұлмен, басқа да шегерімдермен бірге).
Негізгі қызметті цифрландыру
Қордың ашықтығын арттырудың тағы бір құралы – процестерді автоматтандыру. Қорда бұл жұмыс жыл сайын күшейтілуде. Мысалы, медициналық көмек сатып алу рәсімдерінде адам факторы барынша азайтылған. Барлық кезеңдер ресми портал арқылы жүргізіледі.
Биыл Қор ахуалдық-сараптамалық орталықты іске қосты, ол көлемді деректерді жинап, талдау жүргізуге және болжамдық есептеулер жасауға мүмкіндік береді. Кез келген уақытта нақты уақыт режимінде белгілі бір өңірде немесе нақты медициналық ұйымдағы медициналық көмек көрсету процестерін бақылауға болады.
Денсаулық сақтауды цифрландыру келесі жылы да жалғасын табады.
Атап өтерлігі, қызметтің ашықтығы пен есептілік Қор жұмысының басты қағидаттары болып қала береді.



